Ақпарат
Фотогалерея
Бейнеролик
Виртуалды тур
3D моделі

Алтын ханшайым

ХХ ғасырдың 1965 жылы жер жырту жұмыстары кезінде осы елді мекен маңынан бірнеше жәдігер табылғаны белгілі. Мамандар оны сармат кезеңіне жататындығын анықтаған еді. Соның ішінде «Күміс ритон» ғылыми ортада кеңінен белгілі болды. Арада 37 жыл өткен соң, 2012 жылы кездейсоқ табылған жәдігер орындары зерттеліп, бұл жерде 4 оба кешені бар екені анықталды. Сөйтіп «Таксай оба кешені»-деген шартты атауға ие болған археологиялық қазба жұмыстары басталады. Оған БҚО тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Н.Сыдықов жетекшілік жасады. Қазба жұмыстарын осы орталықтың ғылыми қызметкері Я.Лұқпанова басқарған отряд жүргізді. Жазғы далалық маусым кезінде осы оба кешенінде 3 обада археологиялық қазба жұмыстары жасалды. Алғашқы екі обадағы жерленімдерден қызықты материалдар алынғанымен жәдігерлер аз болды. Соңғы оба, яғни үшінші обадағы жерленімнен қайталанбас ғажайып материалдар, ежелгі сармат кезеңіне жататын ақсүйек бай әйелдің жерленген орны анықталды. 2012 жылдың күзінде БҚО тарих және археология орталығының археологтары Теректі ауданындағы Долинное елді мекенінің маңында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Қазба жұмыстары нәтижесінде Тақсай қорғанынан табылған ақсүйек сармат әйелінің қабірі отандық археология ғылымындағы зор табыстың бірі ретінде есептеледі. Бұл кешеннің тарихи-мәдени мәні өте жоғары. Қорғаннан табылған заттардан савромат-сармат кезеңінің тарихы мен мәдениеті туралы көп ақпарат алуға болады. Бұл көшпелілер өркениеті туралы мәліметтерді толықтырады. Ең бастысы, кешен тоналмаған және сырттың қандай да бір әсерімен бүлінбеген, ескерткіш дәл бастапқы қалпын сақтаған. Тақсай қорғанынан табылған материалдар ертеде Қазақстан аумағындағы, Еділ мен Жайық маңындағы көшпелі қоғамда өмір сүрген билеуші таптың жерлеу дәстүрінен мол мағлұмат береді. Қабірден әйел адамның мүрдесімен бірге алтын әшекей бұйымдары, алтын жапсырмалар, ерекше шошақ төбелі алтындаған бас киім қалдығы, соғыс көрінісі бейнеленген тарақша т.б. жалпы салмағы 3 келіге жуық көптеген алтын бұйымдар алынды. Есік қорғанынан табылған әйгілі «Алтын адам» бейнесін қалпына келтірген ғалым-реставратор Қырым Алтынбектің жетекшілігімен ақсүйек әйелдің мүсіні қайта жаңғыртылды.

Ғылыми зерттеулердің нәтижесі Тақсай қорғанында жерленген адамның әйел екенін, өз қоғамында биік дәрежеге ие болғанын көрсетті. Марқұмның қолы мен мойнында көптеген алтын әшекей бұйымдары болған, киімі мен бас киімі де ерекше әдіптелген, әсіресе, бас киімі ерекше. Моланың бір бұрышында ерекше тәртіппен қойылған рәсімдік бұйымдар бұл әйелдің бақсы-балгер қызметін атқарғанын көрсетеді. Сол кездегі сенімге сәйкес, бақсы әйелге о дүниеде қызмет етуі үшін екі әйелді өлтіріп, аяқ жағына бірге жерлеген көрінеді. Тақсай 1 қорған кешенінде ағаш бөренемен жабулы жерлеу орны, 4 ат жүгені қазылып алынды. Ағаш бөренемен жабу астындағы шығыс жақ қабырғасына қарай жерленген әйел адамның қабірі табылды, мүрденің басы батысқа, беті оңтүстікке қарап жерленген. Жерленген әйел адам аса қымбат әшекейлі киім киген: басында шошақ төбелі жоғарғы жағында тау ешкісінің бейнесі бар алтын бас киім, мойнында екі салпыншақты және тұтас құйылған гривна (металдан жасалған әшекей) тағылған. Ал киімнің кеуде тұсына төртбұрышты, сопақша пішінді барақ ит, қойдың бастары бейнеленген алтын жапсырмалы әшекейлер мен дөңгелек пішінді алтын моншақтар тігілген. Киімнің жеңдеріне де алтын қалыптағы қасқырдың азу тістері бейнесіндегі алтын салпыншақ тігілген. Білектеріне қиял-ғажайып жануар яғни мүйізді мысық тұқымдас жыртқыштың бұзаумен айқасы бейнеленген алтыннан құйып жасалған екі білезік тағылған. Мүрденің сол қолында толқынды өрнектері бар көкшіл түсті шыны ыдыс, оң қолында қоладан жасалған алтын сапты айна ұстаған. Айнаның тұтқасы жуан және онда барақ иттің басының бейнесі салынған. Барақ ит, тұмсығы өткір, көзі дөңгелек жырқыш құс бейнесінің бастары қырынан салынған. Шебер бұл суреттер арқылы табиғаттағы күштердің қарама-қарсылығын көрсеткісі келгенге ұқсайды. Айнаның сабы кертештелген, ол жаңғақ ағашынан жасалған қаппен құндақталған. Айна ғалымдарға сол кездегі тарихты анықтау үшін таптырмас дерек болып табылады. Қабірдің оңтүстік-батысында жаңғақ ағашынан жасалған қобдиша табылды. Қобдишаның ішінде салт - жоралғылар жасайтын заттар салынған,олар: ақ саздан жасалған жіңішке мойынды ыдыс, ағаш тарақ. Қасқырдың азу тісі және соғыс көрінісі бейнеленген тарақта –сірә ассириялықтар мен мидиялықтар бейнеленген болса керек, орта тұсында соғыс арбасының бейнесі салынған. Ал үңгірдің орта тұсында түйе басты қола қазан, ағаш ыдыстың құрсауы, тана көзді шыны ыдыс анықталған. Үңгірдің батысында ат әбзелдерінің кейбір бөлшектері шашылып жатқан. Әсіресе қабірдің оңтүстік жарының безендіруі ерекше қызығушылық туғызады, ол жарты шеңбер тәріздес, сәуле шашып тұрғандай етіп жасалған. Жарты шеңбер қабырғаларының астынан алтын жапсырмалар мен алқа табылған.

«Бұл кешеннің ең құнды жаңалығын біз «Тақсай тарағы» деп атадық. Бұл сонау алыс замандағы адамдардың аса сирек суреті. Мұнда, біздің ойымызша, б.д.д. І ғасырдың ортасындағы аса үлкен тарихи оқиға - ахеменидтік Иран мен көшпелі Даланың бетпе-бет келуі суреттелген болса керек», деді тарихшы-ғалым. Тақсай кешенінен табылған заттарды толық зерттеу үшін едәуір уақыт керек. Кейбір бұйымдарға Жапония мен Германияда күрделі зертханалық талдау жасалып жатыр. Оның үстіне Тақсай кешенінде қазба әлі жалғасады. Қазіргі таңда «Алтын ханшайым» деген атты иеленген бұл ескерткіш жәдігердің түпнұсқасы Ұлттық музейде сақтаулы тұр. Алтын ханшайым – «Тақсай ханшайымының» қабірін ғалымдар б.з.д VI ғасырдың соңы мен V ғасырдың басына, ежелгі сармат кезеңіне жатқызады. Археологиялық зерттеуге БҚО тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Н.Сыдықов жетекшілік жасады. Қазба жұмыстарын осы орталықтың ғылыми қызметкері Я.Лұқпанова басқарған отряд жүргізді.