Жұмағазы хазірет
Батыс Қазақстан өңірінде «Дәдем ата» деген атпен де әйгілі Жұмағазы хазірет Тәңкеұлы ХІХ ғасырда өмір сүрген дін ғұламасы. БҚО,Сырым ауданы,Тоғанас ауылдық округінен (бұрынғы Правда) 18 шақырым жерде орналасқан. Ел аузында сақталған аңызға қарағанда ол Түркістан шаһарында білім алып, Қожа Ахмет Яссауи дүрбесінде имамдық қызмет атқарған. Содан кейін туған жеріне оралып, мешіт-медресе ашып, елге рухани білім таратқан. Әулие дүниеден өткен соң да басынан ел-жұрт арылмайтын зиярат орнына айналған. Бүгінде «Дәдем ата» жеке қоры ресми тіркеліп, зиярат орнында мешіт, қонақ үй салынған.
Ұрпақтан ұрпаққа жетіп, кейінгі буындарға мирас болып қалып отырған,бұл мәдени мұра - Самара-Шымкент күре жолының бойында, Орал қаласынан Жымпитыға қарай 80 шақырымдай шыққандай жерде. Хазірет - діни білімі жоғары адамға берілетін мәртебе, діни лауазым болған. Жұмағазы хазіретті жергілікті халық «Дәдем-ата» атап кеткен. Бір өкініштісі, Жұмағазы хазіреттің қай кезде өмір сүргені жөнінде нақты деректер жоқ. (Кейбір деректерде ол ХІХғ басында өмір сүрген адам екені аталған ) Ақиқаты, ол туып өскен жер Жалпақтал ауданы, шыққан тегі тама руынан екендігі. Жергілікті шежіреші Ким Ахметов «Жетіру шежіресі (тама, табын және кердері рулары)» атты кітабында, Төлектен Мәтен, Мәтеннен Тантем, Тантемнен Тәуке, Тәукеден Жұмағазы хазірет деп, оның шежіресін осылайша таратады. Жұмағазы хазірет жас кезінде біраз жыл Түркістан қаласында, Әзіреті Сұлтан Қожа Ахмет Йассауи мешітінде білім алған әрі қызметте болған, көптеген пәлсапалық трактаттар жазып қалдырған. Алайда, кешегі аласапыранда жоғалып кеткен. Ел аузында Жұмағазы хазіреттің қасиеті, ерек тылсым күші туралы аңыз-әпсана толып жатыр. Солардың бірінде: «Жұмағазы хазірет Түркістаннан оралған соң қазіргі Сырым мен Теректі аудандары аралығындағы жерді жайлап отырған қазақ руларының ақсақалдарына жолығып, қоныс сұрапты. Бірақ рубасылар Жұмағазының өтінішіне құлақ салмайды. Сол кезде бұрылып кетіп бара жатқан Жұмағазы хазіреттің арқасынан лаулап от көрінген екен. Мұны байқаған бір ақсақал: «Оу, жұртым, мына адам тегін кісі болмады, киесі ұрар, өтінішін орындап, жер бөліп бермесек болмас!» - деген екен дейді. Қазіргі Тамасай, Үбінияз жайлауы деген жерлер сол кезде Жұмағазы хазіреттің үлесіне берілген жерлер болса керек. Ал, қыста қыстауы Қараоба бетте болғанымен, жаз жайлауы оңтүстік батыс жақтағы Қауыз, Тамасай деп аталатын кең жазық болған. Оның бойындағы ерекше қасиетін сипаттаған келесі бір аңызда: «Жұмағазы хазіреттің ерте күзде жаңа қатқан Аңқаты өзенінің үстінен тарантас арбамен өтіп кеткендігі сөз болады. Сонда қабыршақ мұз арбаны қауырсын құрлы көрмей көтерген, ал арба соңынан ерген күшік ит малтығып, суға бата берген екен». Осы күндері оның жатқан жері - Қараоба Бұланы келім-кетімнен арылмайды. Алыс-жақыннан әулиенің басына арнайы зиярат етіп, түнеуге келгендер де жетіп артылады. Ерекше қасиетіне сенген ұрпақтары оның аруағына табынады.Бірде Ақберлі руынан шыққан барымташы, сотқар жігіттер тастай қараңғы әрі тұманды түнді пайдаланып қарияның жылқысын айдап кетпек болады. Жылқыны түн ауа дүркірете қуып ала жөнелген жігіттер таң ағарғанша тоқтамапты. Таң қылаң бере алдынан аттылы Ата күтіп алғанда жігіттер жан-жағына қараса, түні бойы Тамасайды айналып жүре берген екен. Атаның құдіретіне әбден көзі жеткен тентектер аяғына жығылып кешірім сұрапты. Содан кейін әулиенің жылқысына ешкім жақындамайтын болыпты. Жұмағали хазірет өзі мекен еткен өңірде дүние салған. Артында қалған қауым атаның әруағын сыйлап, басына мазар орнатқан. Кейіннен жергілікті халық атаның басына арнайы келіп тәуеп етуді дәстүрге айналдырды. Кешегі кеңес заманы тұсында Жымпиты ауданына қарасты Правда совхозының әйгілі директоры В.Шубин осы дәстүрді елемей, әулие жатқан өңірге егін егіп, мол өнім алуды ойлапты. Дін апиын саналған қызыл идологияның кезінде мол пайдаға қарық болуды ойлаған Шубиннің талпынысы сәтті болмай, жер жыртуға жіберген су жаңа техниканың бірінің дөңгелегі жарылып, бірі оталмай, бірі сынып, жұмыс алға баспай қойыпты. Мұның себебін ауыл қарттары директорға: «Бұл жерде әулие Дәдем ата жатыр, егер ойлағаныңды іске асырғын келсе алдымен басына құрбан шалып, құран оқыт, Атаның ризашылығын ал» деп түсіндірген екен. Сөйтіп, Қазақ КСР-індегі алдыңғы қатарлы совхоз директоры Шубиннің өзі Дәдем атаның кереметін мойындап, жыл сайын басына құрбан шалып, құран бағыштауды әдетке айналдыған екен. Есесіне егіні бітік шығып, ел нанға тойыпты.
Ұрпағы Ғарифолла ағаның айтуынша бойындағы қасиеті бала күнінде-ақ байқалған.Ол жайында кезінде ақсақалдардан естіген мынадай әңгімені айтады: «Бір күні атамыз бала кезінде намазға барыпты. Намаз оқылып болып, имам шығып кеткен соң Жұмағазы әулие сіздер жаңа кімге ұйыдыңыздар депті, сонда көпшілік не деп тұрсың, имамға ұйыдық деп жауап қайтарыпты. Сонда бала: «жоқ сендер көк сиырға ұйыдыңдар» депті. Содан баланы имамға алып барыпты. Имам «мен намаз оқып отырғанда ойым табыннан бөлініп кеткен көк сиыр қай жаққа кетті екен деген ойда отыр едім,мына бала соны біліп отыр депті. Мен тамшы,мына бала көл»,-деген екен.
Ата басына ұрпақтары 2004 жылы кесене, 2006 жылы түнек үйі және мешіт салған. Дертіне дауа іздеп келушілер және рухани дем алу үшін құтты мекен. Оған дәлел Дәдем ата басындағы түнек үйінде сақтаулы тұрған зиярат етушілердің тілектері жазылған дәптердегі үзінділер.