Аққұм
Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылынан 10 км. жерде орналасқан құмды алқап. Аққұм солтүстіктен оңтүстікке қарай ұзындығы 18, батыстан шығысқа қарай 8 шақырым ендікке созылған құстың сопақша жұмыртқасы тәріздес құмды жоталар. Аққұм-тарихи жер.
Археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп (А.М.Панченко, Ғ.В.Кушаев), алтын бұйымдар, әскери құралдар, тұрмыстық құрал-жабдықтар,т.б.нәрселер табылған. Осы жер ХII-ХIV ғасырларда ежелгі қаланың орны болған деген жорамал бар.
Халық арасындағы аңызға сәйкес Аққұм шағылы – Алшағыр ханның шаһары, ірі сауда орталығы болғанға саяды. Аққұм шаһарын Алшағырдан өшін алған Қобыланды қиратқан деген аңыз бар. Оған «Қобыланды батыр» жырындағы: «Аққұм деген бар шағыл, Ол жайлы аңыз еседі. Қобыланды шапқан Алшағыр, Хан ордасы деседі»-, деген өлең жолдары дәлел. Аққұм өңірін «Қобыланды батыр» жырымен байланыстыратын деректер аз емес. Аққұммен қатар орналасқан Хан орны, Шәр, Оқ атқан, Шымылдық, Едіге тоғайы, Аққұмнан 60-70 шақырым жердегі Қобыланды мазары, Қобыланды ауылы дейтін жерлер де бар. Егіндікөл – «бұлақ суынан бастау алған көл» деген мағынаны білдіретін моңғол тілінен енген сөз. Сол жерді мекен еткен Сейтектер Есенаман тауының етегіне егін салып, тарыдан жылма жыл мол өнім алып отырған. Көгеріп шыққан көп тары көлкіп жайқалған көлдей болып көзге көрінеді екен, содан бұл жер Егіндікөл аталған – деп те айтады.
Сонымен қатар халық арасында таралған аңызға сәйкес құм ішінде «Жұмбақ көл» көлі бар оны кездестірген адам бақытты ғұмыр кешеді.